Мәскеуде екі мыңға жуық адам заңсыз акцияға қатысты: 150-ге жуығы ұсталды

МӘСКЕУ. ТАСС-ҚазАқпарат – 31 қаңтарда Мәскеу орталығында рұқсат етілмеген акцияға 2 мыңға жуық адам қатысты, оның ішінде БАҚ өкілдері де бар. Бұл туралы журналистерге Ресей ІІМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Мәскеуде екі мыңға жуық адам заңсыз акцияға қатысты: 150-ге жуығы ұсталды

«Мәскеу қаласында келісілмеген қоғамдық шара өтті, оған Мәскеу уақытымен 14:30-да 2 мыңға жуық адам қатысты, арасында БАҚ өкілдері де бар», - делінген ресейлік ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ведомство ақпаратына сәйкес, 600-ге жуық қатысушы ұйымдасқан түрде қаланың бірнеше көшелерінің тротуарларымен өтуге тырысқан.

«Полиция қызметкерлері өзге құқық қорғау құрылымдарының өкілдерімен бірге қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастыруда», - деп атап өтті министрлік.

Бұған дейін ТАСС қоғамдық бақылау комиссиясының жауапты хатшысы Алексей Мельниковқа сілтеме жасап, полиция мен Ресей гвардиясының Мәскеудегі рұқсат етілмеген акцияға қатысқаны үшін 150-ге жуық адамды ұстағанын хабарлады.

«Шамамен 150 адам ұсталған. Қоғамдық бақылау комиссиясына құқықбұзушылыққа, оның ішінде полиция бөлімдеріне тасымалдау кезіндегі бұзушылықтарға шағым түскен жоқ», - деді А. Мельников.

Еске сала кетсек, өткен сенбіде, 23 қаңтарда, 4 мыңға жуық адам Мәскеу орталығындағы Пушкин алаңында рұқсат етілмеген акцияға қатысқан еді.