Мәскеуде элиталы түнгі клубтың негізін қалаған ер адам 19-қабаттан құлап, көз жұмды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеуде элиталы түнгі клубтардың бірі Soho Rooms-тың негізін қалаушы Сергей Ткаченко 19 қабатты биіктіктен құлап, мерт болды.
Қайғылы оқиға 29 қаңтар күні орын алды, деп жазады «Комсомольская правда» газеті.
41 жастағы ер адам үш қабатты биіктікте орналасқан тұрғын үйдің қосымша құрылысына құлаған. Оның денесі кранның көмегімен түсірілді.
Әуелде Ткаченко 16-қабаттан құлағандығы хабарланды, кейін оқиға 19-қабаттағы пәтерде болғаны анықталды.
«Қайғылы оқиғаның куәсі болғандардың айтуынша, ер адам 16-қабаттағы терезенің алдына шығып, жақтауларынан ұсталып тұрды. Бұл небәрі бірнеше минутқа созылған. Жерде тұрған адамдар оған қайта ішке кір деп айғайлаған. Көршілер бірден полицияға хабарласты. Бірақ, ер адам кенеттен төмен құлап кеткен», - деп мәлім етті басылымға құқық қорғау органындағы дереккөз.
РЕН ТВ арнасының дереккөзі болса, Сергей кешқұрым өзінің сүйіктісі Мариямен бірге клубтағы ойын-сауық кешінде болғанын айтқан. Жұп онда ұрысып қалған. Сергейдің достары олар үйленгелі жүргенін мәлім етуде.
Телеарна ер адамның биіктіктен құлау сәті түсірілген видеоны жариялады.