Мәскеуде ең сұлу қазақстандық студент қыз таңдалды

деп жазады «Экспресс К» газеті бүгінгі санында.
Өткен сенбіде Первопрестольнаяда ең тартымды қазақстандық студент қыз таңдалды. Сұлулық тәжін Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (ММУ) екінші курс студенті Әлия Мұхамеджанова иеленді.
Бастамашысы ретінде қазақстандық студенттердің «Атамекен» бірлестігі шыққан «Мәскеу көктемі» атты сұлулық байқауы Ресейде білім алып жүрген Қазақстанның студент қыздары арасында өтті. «Ең сұлу» атағын иеленуді көбі армандады, бірақ ақтық сайысқа тек 15 бойжеткен өтті. Олар бақтарын сынау үшін 16 наурыз күні Мәскеуге Ресейдің түрлі аймақтарынан жиналды.
Қазылар алқасының арасында МУЗ-ТВ телеарнасының директоры, ресейлік шоу-бизнесте табысты еңбек етіп жүрген қазақстандықтардың бірі Арман Дәулетияров болды. Ал біздің отандасымыз, қазақстандық дизайнер Нұржамал Нұрпейісова байқауға арнап жаңа топтамасын дайындады.
Тәж үшін күресте сенімді жеңіске Ломоносов атындағы ММУ-дің студент қызы Әлия Мұхамеджанова қол жеткізді. Қарағандының тумасы болып табылатын ол Мәскеуде эколог мамандығын игеруде. Екінші орын Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің атынан келген Зере Мұхамеджановаға берілді. Байқаудың «қоласын» Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің студенті Лаура Жақаева жеңіп алды.