Мәскеуде ЕурАзЭҚ бизнес-форумы өтті
МӘСКЕУ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ – Мәскеуде «ЕурАзЭҚ – Инвестициялар. Инновациялар. Ықпалдастық» тақырыбына арналған бизнес-форум аяқталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше елдерінің көрнекті іскер топ өкілдері бас қосқан форумның негізгі тақырыбы - ықпалдастық байланыстарды дамытудың, Достастық аясындағы іскерлік ынтымақтастық пен кооперацияларды нығайтудың жолдарын талқылау болды. ЕурАзЭҚ Бас хатшысы Тайыр Мансұров өз сөзінде әлемдік экономикалық дағдарысты еңсеру үшін Еуразиялық қоғамдастықтың барлық елдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы керектігін атап көрсетті. Т.Мансұровтың айтуынша, ЕурАзЭҚ елдерінің бірлескен шараларының жоспары әзірленіп қойды. Олардың ішінде: өзара есептесулердегі ұлттық валюталардың қолданыстарын кеңейтуге жағдай жасау, одақтас елдердің төлемдік қабілеттері теңгерімінің орнықтылығын қамтамасыз ету, банк жүйесінің активтері мен нақты секторды несиелеудің мүмкіндіктерін жақсарту мәселелері бар. ЕурАзЭҚ Бас хатшысы сондай-ақ әлемдік дағдарыстың салдарымен күресуге Қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорын және Жоғары технологиялар орталығын құрудың маңызы зор екенін атап көрсетті. Естеріңізге сала кетейік, ЕурАзЭҚ-тың мемлекет басшыларының соңғы кездесуінің қорытындысы бойынша Қорға 10 миллиард АҚШ долларын бөлу туралы келісімге қол жеткізілген болатын, бұл соманың 1 миллиардын біздің еліміз береді. Дағдарысқа қарсы қор займдар беру мен мемлекетаралық инвестициялық жобаларды қаржыландырудың есебінен ЕурАзЭҚ елдерінің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін қажет. Ал Жоғары технологиялар орталығын құрудағы мақсат - бірлескен инновациялық бағдарламалар мен жаңашыл технологияларды игеру жобаларын жүзеге асыру үшін жағдай жасау болып табылады.