Мәскеуде қабырғасының құлауына байланысты Мұнаралы мешіт бұзылды
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Мәскеуде қабырғасының құлауына байланысты Мұнаралы мешіттің тарихи ғимараты бұзылды.
«Российская Газета» Ресей Муфтилер кеңесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлағандай, зақымданған мешіттің ескі ғимараты 1904 жылы салынған, енді ол келушілер мен төңірегіндегі үйлердің тұрғындары зардап шекпеу үшін бұзылып отыр.
Басылымның дерегіне қарағанда, 10 қыркүйекке қараған түні жаңбырдан ескі ғимараттың батыс жақ қабырғасы опырыла құлаған: қабырғаның бір бөлігі ішке қарай, жартысы іргелес аумаққа құлап түсіпті. Сенбі күні таңертең қауіп төндіретіндіктен, қалған үш қабырғаны дереу құлату туралы шешім қабылданды. Үйінділерді тазалағаннан кейін, жаңа мешіт кешенінде тарихи жәдігерді қайта жасау жұмыстары басталады деп болжануда.