Мәскеуде қасиетті Құран кітабын өртеп, ғаламторға салған күдікті қолға түсті
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Мәскеу полициясы Тверь облысының 23 жастағы тұрғынын Құран кітабын өртеу және метрода бір азаматқа шабуыл жасау күдігімен ұстады. Бұл туралы Ресей БАҚ-тары РФ ІІМ Мәскеу бойынша Бас басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
«Құран кітабын өртеу сәтін бейнетаспаға жазып, ғаламторда тарату және метрода азаматқа дене жарақатын салу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, тергеді. Сондай-ақ бірқатар тінту шараларын жүргізді», - делінген хабарламада.
БАҚ таратқан ақпараттарға қарағанда, 23 жастағы күдікті бұған дейін де ұрлық әрі қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталған. Қазіргі уақытта ол 48 сағатқа қамауға алынды. Оны тұтқындау мәселесі шешілуде. Естеріңізге сала кетейік, ғаламторда белгісіз жастардың Құран кітабын өртеп, былапыт сөздер айтқан видеосы жария етілген-ді. Олар қасиетті кітапты өртегеннен кейін метроға кіріп, онда славяндық емес азаматтан Алладан безінуді талап еткен еді.
Осыдан кейін Ресей ІІМ Мәскеу бойынша бас басқармасының бастығы, полиция генерал-лейтенанты Анатолий Якуниннің бұйрығымен арнайы топ құрылып, оларға қысқа мерзім ішінде Құран кітабын өртеу сәтін түсіріп, бейнетаспасын ғаламторға салу акциясын ұйымдастырушыларды анықтап, ұстау тапсырылған болатын.