11:16, 10 Мамыр 2009 | GMT +5
Мәскеуде қатты жарылыс болып, оның жалыны 200 метрге дейін көтерілді
МӘСКЕУ. Мамырдың 10-ы. ҚазАқпарат – Мәскеудің оңтүстік-батыс ауданында газ құбыры жарылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Көргендердің айтуынша, жалынның биіктігі 200 метрге дейін көтерілген. Өртке бес балдық бағам бойынша ең жоғары дәреже беріліп отыр. Оқиға бүгін түнде мәскеу уақыты бойынша сағат 00.30-да Озерная көшесінде болған. Кейіннен құбырдан шыққан өрт көрші үшқабатты ғимаратқа ұласқан. Әзірге оқиға салдарынан 5 адам зардап шеккені хабарлануда. Олар әртүрлі деңгейде күйік жарақаттарын алған. Өрт сөндірушілер, өрттің құдай сақтап, тұрғын үйлерден қашықтау жерде орын алғанын айтуда. Дегенмен арнаулы қызметтер қауіпті аумаққа жақын жердегі барлық адамдарды көшірді. Жарылыстың салдарынан жерасты коммуникациялары зақымданып, нәтижесінде телефон желісінің 80 мыңнан астам абоненті байланыссыз қалып отыр. Өрттің шығу себебі ретінде техногендік апат оқиғасы қарастырылуда.