Мәскеуде қазақ қауымының ақсақалдар кеңесінің басшысы Әкім Мұхамеджанов дүниеден өтті
МӘСКЕУ. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Бүгін 90 жасқа қараған шағында қазақ қаумының ақсақалдар кеңесінің басшысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, ІІД ардагері, милиция подполковнигі Әкім Мұхамеджанов дүниеден өтті. Бұл туралы РФ-дағы қазақ диаспорасының өкілдері хабарлады.
«Ә.Мұхамеджанов Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Ата-анасынан ерте айырылып, Ташкент қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген. Мектепті бітіргеннен кейін Ташкент паровоз-вагон жөндеу зауытында слесарь болып жұмыс жасады.
1942 жылы армия қатарына шақырылды. 1949 жылға дейін ІІМ әскерінде қызмет етті. 1949-1970 жылдары қатардағы қызметкерден бөлім бастығына дейнгі жолдан өтіп, Мәскеу қаласының ҚІІБ органдарында қызмет етті.
Әкім аға Қызыл алаңдағы шерулерге қатысушы. 1946 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің алғашқы жылдығындағы, екінші рет - 2005 жылғы мамырда Жеңістің 60 жылдығына арналған әскери шерулерге қатысты.
Ол КСРО, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ордендерімен және медальдарымен марапатталған. Өмірінің соңына дейін Мәскеудегі қазақ қауымының және ардагерлер қозғалысының жұмыстарына белсене араласты.