Мәскеуде Қазақстан мен Ресей сарапшылары этносаралық және дінаралық төзімділікті сақтау мәселелерін талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеудегі Ресей ғалымдар академиясы (РҒА) Шығыстану институтының Орталық Азия, Кавказ және Орал-Поволжье орталығында 3 желтоқсан күні «Этносаралық және дінаралық ынтымақ үлгілері: ресейлік пен қазақстандық тәжірибе» атты тақырыппен дөңгелек үстел өткізілді.
Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Іс-шараны РҒА Шығыстану институты мен Ресейдегі Қазақстан Елшілігі бірлесіп ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Тимур Козырев, ТМД елдері институтындағы Орта Азия және Қазақстан бөлімінің меңгерушісі Андрей Грозин, РҒА ШИ халықаралық мәселелер секторының меңгерушісі Ирина Звягельская, РҒА ШИ орталығының ғылыми қызметкерлері Андрей Аришев, Станислав Притчин, Игорь Савин, Лев Перепелкин, ММУ Ақпаратты-талдау орталығының басшысы Юлия Якушева және т.б. сарапшылар қатысты. Кездесу барысында сарапшылар Ресейде және Қазақстанда этносаралық және дінаралық ынтымақтастықты қорғаудағы тәжірибелер, сондай-ақ екі елдегі қалыптасып жатқан саяси-әлеуметтік үдерістеріне украиналық дағдарыстың кер әсері жөнінде пікір алмасты. Сарапшылар елімізде қажетті шаралар атқарылып жатқанына назар аударды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» Жолдауында жаһандық дағдарыс жағдайында алдағы мақсаттарға қол жеткізу үшін көпұлтты Қазақстан халқын бірлікті әрі қарай нығайтуға шақырғаны туралы ерекше айтылды. А.Грозин өз баяндамасында Қазақстан басқа ТМД елдеріне қарағанда тәуелсіздігін алғаннан бері бейбітшілік пен жасампаздықтың даму жолын ұстанып отырғанын айтты. Сондықтан, Қазақстандағы этносаралық және дінаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету тәжірибесі Ресей үшін пайдалы болу мүмкін деді. Атап айтқанда, ол Қазақстан халқы Ассамблеясының институты елде ұлтаралық саясатты жүргізу жүйесінде негізгі орын алатынына назар салды. А.Чеботаревтің пікірі бойынша, елімізде жүргізіліп жатқан үш тілдік саясат, экономикалық реформалауға басымдық берілуі, Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының дамуы, түрлі ұлттық пен әлеуметтік топтар мүдделерінің ескерілуі - осының барлығы да елімізде қалыптасқан этносаралық және дінаралық татулықты сақтау саясатын тиімді етіп отыр. «Жанжалдардың басым бөлігі қарапайым тұрмыс және әлеуметтік даулардан пайда болады, тек одан кейін ұлттық негізге көше бастайды», - деген ойын білдірді И.Савин. «Осыған орай біздерге этносаралық жанжалдарды болдырмау тетіктерін жергілікті деңгейде жетілдіруге ерекше көңіл бөлу қажет», - деді ол. Ал Т.Козырев өз кезегінде Қазақстандағы этносаралық және дінаралық төзімділік үлгісінің ерекшелігіне тоқталып өтті. Түрлі ұлттардың бір-бірімен тату өмір сүру дәстүрін, этностық немесе діни артықшылық идеяларының қоғамда қолдау таппайтынын, қоғамда төзімді мінез-құлық мәдениетінің қалыптасқанын жеткізді. Жалпы айтқанда, сарапшылар этносаралық және дінаралық ынтымақтастықты сақтау, үш тілдік саясат жүргізу және азаматтық Ұлтты қалыптастыру бойынша қазақстандық тәжірибені және бұл бағыттағы атқарылып жатқан шараларды жоғары бағалады.