Мәскеуде Қазақстан-Ресей сыртқы ведомство басшылары кеңеседі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәскеуде Қазақстан-Ресей Сыртқы істер министрліктері арасында кезекті консультация өтеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәскеуде Қазақстан-Ресей сыртқы ведомство басшылары кеңеседі

«Осы жылдың 22 қыркүйегінде Мәскеу қаласында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев пен РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденконың төрағалығымен кезекті Қазақстан-Ресей Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар өтеді. Іс-шара барысында Қазақстан-Ресей қатынастарының өзекті мәселелерін, сондай-ақ көпжақты бірлестіктер аясындағы екіжақты өзара іс-қимылды талқылау жоспарлануда», - деді СІМ өкілі ведомствоның апта сайын өтетін брифингі барысында журналистердің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, сол күні Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

«Конференцияны РФ Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты мен ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырады. Конференция барысында түрлі салалардағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланады», - деді Айбек Смадияров.