Мәскеуде қазақстандық жалған көріпкелдер ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу полициясы көріпкелдік қызмет көрсетемін деген желеумен азаматтардың ақшаларын ұрлаумен айланысқан қылмыстық топтың іс-әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлады РФ ІІМ Мәскеу қаласы бойынша Бас басқармасының баспасөз қызметінен.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, 26 шілде күні Мәскеу қылмыстық іздестіру басқармасының қызметкерлері басым бөлігі Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Армения азаматтарынан тұратын жалған балгерлер тобының 27 мүшесін ұстады. Жедел уәкілдер жарты жыл бойы олардың заңсыз әрекеттерін дәлелдейтін жеткілікті айғақ жинаған. Ұйымдасқан топтың мүшелерінің, сонымен бірге олардың зардап шеккендермен арада телефонмен сөйлесулері күні-түні жазбаға түсірілген.
Қылмыстық топты ұйымдастырушылар төменгі жалақыға көршілес республикалардың азаматтарын тартқан. Олар жұмысқа алған қызметкерлерінің адамның сеніміне кіру, сендіре алу мүмкіндіктерін тексеріп отырған. Осыдан кейін қызметке алған азаматтар call-орталықта отырып, телефон қоңырауларына жауап берген. Олар балгерлердің, көріпкелдің көмегіне жүгінбек болып қоңырау шалған азаматтарды ойдан шығарылған проблемалармен сендіріп, белгілі сомаға тылсым әдет-ғұрыптан өтуге көндірген. Алаяқтар адамдарды көптеп тарту үшін телеарналар мен ғаламтор арқылы өз қызметтері жайында жарнамалар таратқан. Қылмыстық топты 48 және 45 жастағы мәскеулік ерлі-зайыптылар басқарған.
Алаяқтардың заңға қайшы іс-әрекеттерінен келген шығынның жалпы сомасы алдын ала мәліметтерге сәйкес 800 млн. Рубльден асып жығылады.