Мәскеуде Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

МӘСКЕУ.KAZINFORM – «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы Мәскеуде роуд-шоу өткізіп, Қазақстанның туристік әлеуетін Ресейдің туроператорларына, туристік бизнес өкілдеріне және салалық ұйымдарға таныстырды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Туристический потенциал Казахстана продемонстрирован в Москве
Фото: Бекбау Тайманов/Kazinform

Іс-шара биылғы мамыр айында Омбы, Новосібір және Екатеринбург қалаларында ұйымдастырылған көшпелі таныстырылымдар сериясының жалғасы болды. Роуд-шоудың негізгі мақсаты – екі елдің туристік қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, іскерлік байланыстарды кеңейту және туристік ағынды арттыру.

– Ресей Астана үшін кірмелік туризмнің негізгі нарығы болып қала береді. Елордаға келетін шетелдік қонақтардың шамамен 39 пайызын Ресейден келетін туристер құрайды. Бүгінде Астана – Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Елорда Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды өңірлік хабқа айналып келеді. Қала ыңғайлы көлік қатынасымен және халықаралық бағыттар желісінің тұрақты кеңеюімен ерекшеленеді, – деді «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Саят Құсайынов.

Туристический потенциал Казахстана продемонстрирован в Москве
Фото: Бекбау Тайманов/Kazinform

Іскерлік бағдарлама аясында қатысушыларға Астананың туристік әлеуеті таныстырылып, қаладағы туризм индустриясының негізгі даму бағыттары ұсынылды. Атап айтқанда, іскерлік сапар мен демалысты ұштастыратын b-leisure бағытына, сондай-ақ медициналық, өндірістік, мәдени-ойын-сауық, wellness және гастрономиялық туризмге, шопинг-турлар мен оқиғалық туризмге ерекше назар аударылды.

Ресейлік серіктестерге Астанада жақын арада өтетін ірі халықаралық іс-шаралардың күнтізбесі таныстырылды. Олардың қатарында Леонардо да Винчидің мұрасына арналған көрме, Comic Con Astana 2026 халықаралық гик және поп-мәдениет фестивалі, «Болашақ ойындары – 2026» мультиспорттық турнирі, Энрике Иглесиастың концерті және ұлттық тағамдар мен қымызға арналған BaiQymyz фестивалі бар.

Іс-шара қатысушыларына елорданың негізгі көрікті орындары, туристік инфрақұрылымының дамуы және Ресей нарығына бейімделген дайын туристік өнімдер туралы да ақпарат берілді.

Астана делегациясының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының мамандары, туроператорлық компаниялар, қонақүй бизнесі, әуе тасымалдаушылары және туристік саланың басқа да қатысушылары кірді.

Іс-шара барысында елорданың туристік қауымдастығы өкілдерінің таныстырылымдары өтіп, ресейлік әріптестермен B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылды. Тараптар алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын, бірлескен жобаларды іске асыру және туризм саласындағы серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады.

Туристический потенциал Казахстана продемонстрирован в Москве
Фото: Бекбау Тайманов/Kazinform

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, роуд-шоу өткізу Қазақстан мен Ресей арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етіп, екі елдің туристік өнімдерін өзара ілгерілетуге қосымша мүмкіндік береді.

Іс-шара Астананы халықаралық нарықта заманауи, қарқынды дамып келе жатқан және туристер үшін тартымды бағыт ретінде таныту жолындағы кезекті маңызды қадам болды.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда туризмге тартылған инвестициялар 1,2 трлн теңгеден асты.