Мәскеуде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердегі заңсыз көші-қон талқыланды
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеуде ҰҚШҰ Үйлестіру кеңесінің XX отырысында көші-қон жағдайы, оған қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен қызметтің бұдан арғы бағыттары талқыланды, деп хабарлады Мәскеудегі «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Қазақстан тарапынан мәжіліске ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов қатысты.
«Біз бүгін ТМД аумағындағы үшінші мемлекеттер азаматтарының дерекқор базасын интеграциялау туралы келісімге қол қойдық. Уақыт талаптарын ескеріп біздің күш ведомстволарының жұмысын үйлестірдік», - деді отырыста үйлестіру кеңесінің төрағасы А.Горовой.
Ол сондай-ақ шара барысында «Нелегал» бірлескен операциясы туралы құжат жобасына қол қойғанын, халықаралық іздеудегі тұлғаларға қатысты жұмыстарды үйлестіру жоспарланып жатқанын қосты.
Журналистер сұрағына жауап берген А.Горовой қазақстандық әріптестермен өзара іс-қимыл деңгейіне қанағаттанатынын атап өтті.
«Біз қазақстандық әріптестермен өзара іс-әрекет деңгейіне көңіліміз толды. Өткен жылы Астанада Қазақстан азаматтарының электрондық ақпараттық дерекқорын және тіркеу картасын құру бойынша әріптестеріміздің тәжірибесін зерделедік. Белгілі бір сәттерді біз РФ аумағында іске асыру үшін пайдаланамыз», - деді А.Горовой.
ҰҚШҰ бас хатшысының міндетін атқарушы В.Семериков заңсыз көші-қонмен күрес саласындағы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлескен жұмысы туралы айтты.
Деректерге сәйкес ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер аумағында жүргізілген «Нелегал» 9 операциясында 1 миллионнан астам көші-қон заңнамасын бұзушылық анықталды. Іздеудегі 1600-ге жуық адам ұсталды. 5 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалды. Оның 400-ге жуығы адам саудасына байланысты. 16-17 млрд доллар шамасында заңсыз қаржы операциясы анықталды.