Мәскеуде жаңа мешіттер салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу шаһарының әр ауданында кем дегенде бір мешіттен салынуы тиіс. Ресей елінің мүфтилер кеңесінде осындай ой ортаға салынды. Осылайша, олар Мәскеудегі құлшылық ордаларының санын 10-нан асырмақшы.
Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында хабарланған.
Ресей муфтилері кеңесінің баспасөз қызметшісі Гүлнұр Ғазиева атап көрсеткендей, Мәскеуде мұсылмандар үшін құлшылық ордалары аздық етеді.
«Қарқынды түрде өсіп келе жатқан мұсылмандар саны қазіргі кезде Мәскеудегі мешіттердің көптеп салынуын талап етеді. Дегенмен, біз Мәскеудің әр ауданында бір мешіттен болғанын ғана сұрап отырмыз. Сонда біз көшедегі қозғалысты тоқтатудан да тыйылар едік», - дейді ол.
Қазіргі таңда Мәскеу шаһарында 2 миллионнан астам мұсылман өмір сүреді. Ал осыншама жұртшылыққа бар болғаны тек төрт құлшылық ордасы қызмет атқарады. Сыйымдылығы жайлы тіпті сөз қозғауға келмейтін бұл мешіттерде жұма күні намаз оқу бақыты мұсылман жамағатының тек аздаған бөлігіне бұйырады. Ал қалғандары ауа райының қандай екеніне қарамастан құдайға құлшылығын көше ортасында жайнамаз төсеп өтейді екен.