Мәскеуде жазушы Сәбит Досановтың шығармашылық кеші өтті
АЛМАТЫ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Мәскеуде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Ресей Педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, профессор, белгілі қазақ жазушысы Сәбит Досановтың 70 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеш Ресей Жазушылар одағының, «Қазақ тілі» қоғамының, Бейбітшілік және келісім федерациясының ұйымдастыруымен өтті. Шығармашылық кешті орыс ақыны Людмила Щипахина жүргізді.
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұрысбеков бүгінгі салтанатты шара көпғасырлық орыс және қазақ халқының достық қарым-қатынасының, сондай-ақ екі ел президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведевтің саралы саясатының арқасында мүмкін болды деп атап өтті.
Алғашқылардың қатарында сөз алған академик сыншы Феликс Кузнецов, Ресей әдебиеті академиясының президенті Владимир Мирнев, танымал татар жазушысы Ямиль Мустафин, танымал мемлекет қайраткері Геннадий Зюганов, мемлекет және қоғам қайраткері Фахир Абдухалықов және тағы да басқа қоғам қайраткерлері өз құттықтауларын жеткізді. Арменияның көрнекті қаламгері Станислав Оганян кеш иесі туралы және оның шығармашылығына тоқтала келе, "кең құлашты, кемел ойлы, эпик суреткер" деп атап өтті.
Кеш барысында мерей той иесіне Ресей Мемлекеттік Думасының ескерткіш медалі тапсырылды.