Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

Мәскеу
Фото: Видеодан кадр/telegram.org/breakingmash

АСТАНА. KAZINFORM –  Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы «Крокус Сити холл» ғимаратында белгісіз біреулер атыс ұйымдастырды. Қазір адамдар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.

Ресей Тергеу комитетінің Бас тергеу басқармасы Мәскеу облысындағы терактіге қатысты қылмыстық іс қозғады.

Федералды қауіпсіздік қызметі лаңкестік әрекет салдарынан 40 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланғанын хабарлады.

«Белгісіз біреулер «Крокус Сити холл» ғимаратына оқ жаудырды. Қазір адамдар эвакуацияланып жатыр», - делінген хабарламада.

Алдын ала болжам бойынша, оқ автоматтан атылуы мүмкін. Белгілі болғандай, бұл кезде «Пикник» тобының концерті болып жатқан.

ТАСС агенттігіне оқиға куәгерлері атыстан зардап шеккендер мен жараланғандар бар екенін хабарлады.

Оқиға орнына мәскеулік Арнайы жедел әрекет ету отряды мен арнайы жасақ және өрт сөндірушілер шұғыл жетті.

Атыс кезінде музыканттар зардап шеккен жоқ, деп хабарлады ТАСС агенттігіне құқық қорғау органдары

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев жедел штаб құрылғанын хабарлады.

ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Ресейдегі терактіде қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар екені туралы ақпарат жоқ.

Соңғы жаңалықтар