Мәскеудегі мұнай және газ университетінде оқып жүрген қазақстандық студенттінің өліміне қатысты күдіктілер ұсталды

АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Мәскеудегі И.Губкин атындағы мемлекеттік мұнай және газ университетінде оқып жүрген қазақстандық студенттің өліміне қатысты күдіктілер ұсталды.
None
None
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын еске салып өткен ресми өкіл, жедел іздестіру шаралары мен тергеу амалдарының барысында Қазақстан азаматының өліміне қатысы бар деген күдікпен Мәскеу қаласының үш тұрғыны ұсталғанын жеткізді. Е. Ашықбаевтың айтуынша, осы қылмыс бойынша мойындау айғақтары мен іс бойынша жиналған дәлелді деректер арқылы Е. Әйтімовтың өліміне қатысты мәскеулік үш азаматтың қылмысы әшкереленіп отыр. Осы кісі өлтіру фактісінің себебі әлі де анықталып жатқандығын, сондай-ақ оның нәтижесі сот барысында белгілі болатынына тоқталған ресми өкіл, күдіктілердің ересегі 23 жаста екенін, ал қалған екеуі 1991 жылы туғандар екенін айтты. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өткен жылғы желтоқсанның 14-і күні Мемлекеттік мұнай және газ университетінің студенттік қалашығында пышақ жарақатынан Қазақстан азаматы қаза болды. Ол осы университеттің 1-ші курсында оқыған. Ресейдегі елшіліктің деректеріне сүйенсек, жалпы Мәскеуде 2800-ден астам қазақстандық азамат оқиды. Сондай-ақ Мемлекеттік мұнай және газ университетінде 240-қа жуық қазақ жастары білім алуда. Қаза болған Ерлан Әйтімов ЛукОйл компаниясының шәкіртақысы бойынша оқып жатқан.
Соңғы жаңалықтар