Мәскеудегі пойыз апатынан зардап шеккендердің арасында шетелдіктер бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеудегі пойыз соқтығысынан зардап шеккендердің арасында Ресей азаматтарынан бөлек, шетелдіктер де бар, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Еске сала кетсек, жексенбіге қараған түні Мәскеудің батысындағы Филевский паркі ауданында Кунцево-Фили темір жол өткелінде Мәскеу-Брест жолаушылар пойызы Мәскеу-Усово қала маңы пойызымен соқтығысқан. Медициналық көмекке 50 адам жүгінген, олардың 12-сі ауруханаға жатқызылды.
ТЖМ басшысы Владимир Пучковтың айтуынша, зардап шеккендер арасында ресейліктерден бөлек, өзге ел азаматтары да бар.
Алдын ала болжам бойынша, Мәскеу уақытымен 22:16-да электр пойызының машинисі теміржолды кесе жүгіріп өткен адамды басып кетпеу үшін шұғыл тежегішті басқан. Салдарынан электр жүйесінің тежеуіш жүйесінің қалыпты жұмысы бұзылған.
Қала маңы пойызының артынан келе жатқан Мәскеу-Брест жолаушылар пойызы да шұғыл тежеуішті басқан. Бірақ, аралық өте қысқа болып, екі пойыз соқтығысты және электр пойызының төрт вагоны, жолаушылар пойызының локомотив бөлігі рельстен шығып кетті.
Ресей президенті Владимир Путин апат салдарын жоюға арналған барлық қажетті шараны жасауды тапсырды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.