Мәскеуге бет алған «Жеңіс марафонының» қатысушылары Астанаға жетті

АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Кеше, сәуірдің 1-і күні Қарағанды - Мәскеу бағытымен бет алған «Жеңіс марафонының» қатысушылары Астанаға келді,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл марафонды Ұлы Отан соғысында қаза болғандар мен одан аман оралған ардагерлердің құрметіне арнаймыз», дейді марафон ұйымдастырушылардың бірі Рашид Гатин.

Қатысушылар 3070 шақырым жерді жүгіріп өтуге ниетті. Марафон Қарағанды, Астана, Атбасар, Есіл, Аманқарағай, Қостанай, Троицк, Челябі, Уфа, Верхнееркево, Набережные Челны, Қазан, Чебоксары, Нижний Новгород, Владимир қалалары арқылы өтіп, сәуірдің 17-сінде Мәскеуге келуі қажет. Онда марафон Г.Жуковтың ескерткіші алдындағы Манеж алаңында тоқтайтын болады.

Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған марафоншылардың құрамына салауатты өмір салтын белсенді насихаттап жүрген 15 спортшы кіріп отыр, олардың негізін - 13 адам - қарағандылықтар құрады.

Марафоншылардың қатарында Павел Сиротин, Зейнолла Сейітов, Төлеутай Смайылов, Любовь Асанова сияқты танымал спортшылар және Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оралман студенті Қуанбек Насролла бар. Ол тарихи отанына осыдан төрт жыл бұрын Қытайдан келген. Командаға сондай-ақ, Украина азаматы, танымал марафоншы Оксана Прокапчук та кіріп отыр.

Марафоншылардың командирі, «Феденикс-Спартак» әуесқой желаяқтар клубының төрағасы Олег Селезневтің айтуынша, қазақстандық марафоншылармен қатар, Мәскеуге Украина мен Беларус елдерінен де командалар жетеді, олар жолға кешірек, сәуірдің 9-12-сі күндері шығады. Мәскеуде «Спартак» халықаралық спорт қоғамының 75 жылдығы тойланады.

Соңғы жаңалықтар