Мәскеуге БҚО-дан 20 тонна ет жөнелтілді

ОРАЛ. 2 қазан. ҚазАқпарат - 2 қазан күні Зеленов ауданы Янайкин ауылындағы мал бордақылау кешенінен Ресейдің мәскеулік нарығына қазақстандық еттің алғашқы партиясы 20 тонна ірі қара еті жөнелтілді.
None
None

Бұл - қазақстандық өндіріс орны мен ресейлік компания, сауда индустриясында жұмыс істейтін Москворецкий сауда үйі арасында жылдың соңына дейін 500 тонна ет жеткізу жөніндегі өткен аптада жасалған келісімшарттың алғашқы жемісі.

Қазақстаннан етті экспорттаушы еліміздің батыс өңірінде орналасқан «Grown Батыс» ЖШС-ның қазіргі заманғы бордақылау алаңы, дамыған инфрақұрылымы бар. Нысанда 8640 ірі қараны ұстайтын мал өсіру кешені, тоңазытқыш жабдықтары, ет комбинаты, астық сақтау қоймасымен құрама жем зауыты жұмыс істейді. Құны 3571,9 млн. теңгені құрайтын жоба «ҚазАгро» ұлттық холдингі құрамындағы еншілес компания «ҚазАгроӨнім» АҚ-ның қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «жанданды». Биылғы шілде айында «ҚазАгро» басшысы Дулат Айтжановтың ресейлік импортер өкілдерімен кездесуінде қазақстандық ет өндірушілердің Мәскеу сауда жүйелеріне кірудің өзекті мәселелері талқыланған болатын. Кездесу барысында ресейліктер отандық еттің құнарлы сипаттары мен дәмдік қасиеттері арқасында Ресейдің мәскеулік нарығында премиум-класс өнімі ретінде жайғаса алатынын айтқан еді.

Қазіргі уақытта бордақылау алаңында 4 мыңнан астам ірі қара мал бағылуда. Мал басы жоспарлы түрде көбейтілуде. «Grown батыс» ЖШС-ның директоры Евгений Алиев өз өнімдерінің сапасына сенімді, сондықтан оны кез келген нарыққа шығаруға болады. Мәскеулік әріптеспен арадағы келісімшарттің шектеулі мерзімі жоқ, бірақ жеткізілуі тиіс еттің көлемі аз емес. Қойылатын талап та жоғары. Компания Орал, Атырау базарларынан бөлек Ресейдің орталық аймақтарына да ет жеткізеді. Биылғы көктемнен бері келісімшартқа сәйкес ресейлік логистикалық компанияның бірімен Самара облысына 40 тоннаға жуық ет жөнелтілді.

Е.Алиевтің айтуынша, ең басты кедергі ресейлік малдәрігерлік бақылау дерекқорында Батыс Қазақстаннан әкелінетін ет өнімдерін кіргізуге шектеу салынуы болды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты бөлімдерінің жұмыстануы арқасында бұл шектеулер жуырда ғана алынды. Логистикалық, техникалық түйткілдер бар, бірақ олар ретімен шешілуде. Басты түйін шешіліп, енді Ресейге ет шығару әлдеқайда жеңілдеді. Мәскеуге жеткізілетін еттің бағасы 170 рубль ғана болғанымен, кәсіпорын шығынсыз жұмыс істеуде.

«Қазақстанның ет экспорттау әлеуетін арттыру бағдарламасының жүзеге асырылуының бір көрінісі бұл. Қазақстан еті Ресейдің нарығына қадам басты. Кедендік кеңістік жағдайында біздің нарыққа Ресейден, Беларусьтан арзан ет әкелінуде. Мәскеу нарығына сапалы ет ұсынатын «Grown Батыс» компаниясынан өзге құрылым жоқ. Бүгінде қазақстандық еттің өзіндік құнын төмендетіп, сапасын арттыру және өзге нарықтарға шығу бағытында жұмыстанудамыз, - деді «ҚазАгроӨнім» АҚ-ның БҚО-дағы өкілі Киікбай Айдарәлиев.

«Grown Батыс» ЖШС-ның директоры Евгений Алиев жыл соңына дейін Мәскеуге апта сайын 20 тонна ет өнімдері тоңазытылған және боршаланған түрде вакуумдық орамада жеткізілетінін айтты. Ол өнімнің сапасына кепілдік бере отырып, Мәскеудің Кремліне премиум-класс ет өнімдерін жеткізуге дайын екендерін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар