Мәскеуге шұғыл қонған «Лондон-Нұр-Сұлтан» рейсінің жолаушылары сапарларын жалғастырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 28 маусымда түнгі сағат бірге таяу Мәскеуге мәжбүрлі түрде қонған «Лондон-Нұр-Сұлтан» рейсінің жолаушылары аздаған кідірістен кейін елордаға ұшып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәскеуге шұғыл қонған «Лондон-Нұр-Сұлтан» рейсінің жолаушылары сапарларын жалғастырды

Еске сала кетсек, бұған дейін «Эйр Астана» ұшағы мәскеулік Шереметьево әуежайына мәжбүрлі түрде қонғаны мәлім етілген болатын.

«28 маусымда «Эйр Астана» әуе компаниясының «Лондон-Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша КС 942 рейсін орындаған ұшағы екі генератордың бірінің істен шығуы салдарынан жұмыс істемей тұрған ҚКБ (қосалқы күштік бекітпе) жағдайында Мәскеу уақытымен сағат 00:18-де шұғыл түрде қонды», - деп хабарланған болатын компанияның баспасөз қызметінен.

Бүгін әуе компаниясы аталмыш рейстің жолаушылары Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққанын айтты.

«Бүгін түнде Шереметьеводағы әуежайға қонған Лондон-Нұр-Сұлтан рейсінің жолаушылары бүгін Алматы уақыты бойынша сағат 13:31 кезінде қосымша рейс арқылы ұшып шықты. Бортта 70 адам бар. 23 жолаушы аталмыш рейстен бұрын «Мәскеу-Алматы» рейсімен ұшып кетті», - деді «Эйср Астана» әуе компаниясының баспасөз қызметінен.