Мәслихат депутаттарының сайлауында әскери қызметшілер де дауыс берді
АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 29 қарашада өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына 120 мыңнан астам әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелері қатысып, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Гарнизондарда дауыс беруді ұйымдастыру үшін 24 жабық сайлау учаскесі ашылды.
Ол жерде мерзімді қызметтегі сарбаздар, әскери оқу орындарының курсанттары және іс-сапарға жіберілген әскери қызметшілер дауыс берді. Ал офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен Қарулы күштердің азаматтық персоналы тұрғылықты жері бойынша дауыс беру мүмкіндігін пайдаланды.
-Осылайша, жеке құрамның әрбір санаты өз конституциялық құқығын пайдаланып, сайлауға қатысуына барлық жағдай жасалды,-делінген хабарламада.
Айта кетейік, елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр.