Мәслихат депутаттарының Сенат сайлауына келмей қоюы мүмкін емес - ОСК
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәслихат депутаттарының Сенат сайлауына келмей қоюы мүмкін емес. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде 1 қазанда өтетін Сенат депутаттарының сайлауына арналған брифингте Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен осылай мәлім етті.
«Сайлау заңды болып саналуы үшін облыстардағы таңдаушылардың (мәслихат депутаттарының) 50 пайыздан астамы оған келуі тиіс. Ал дауыс беру заңды болуы үшін таңдаушылардың жиналысына қатысқан депутаттардың 50 пайызынан астамы дауыс беруі шарт. Мәслихат депутаттары - халықпен тікелей сайланған, халықтың сенімін арқалаған азаматтар. Сондықтан да, олардың сайлауға келмей қалу мүмкіндігі туралы әңгіме жоқ. Өйткені, олар елдің өкілдері ретінде дауыс береді», - деді Ләззат Сүлеймен.
Оның айтуынша, сайлау үдерістері, оның ішінде тіркеу, үгіт-насихат жүргізу шаралары кезең-кезеңімен болғанымен, дауыс берудің өзі бір күннің ішінде өтеді. «Дауыс беру, дауыстарды санау мен қорытындысын жариялаудың барлығы бұқаралық ақпарат құралдары мен байқаушылардың көзінше, ашық және жариялы түрде жүзеге асады», - деді Л. Сүлеймен.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2014 жылғы 1 қазанға тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.