Мәслихат депутаттығына ең жас үміткер Павлодар облысында, ең егдесі Астанада тұрады
«Мәслихаттарға келетін болсақ, елімізде 223 мәслихат бар. Ондағы 3 415 мандаттың 3 081-і мажоритарлық негізде сайланады. Бұл – облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана құрамының жартысы, сондай-ақ қалалар мен аудандар мәслихаттарының депутаттары. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметі бойынша 3 081 депутаттық орынға 10 288 кандидат, бір орынға үштен астам кандидат ұсынылған», - деді ол ОСК кезекті отырысында.
Айтуынша, облыстық мәслихат сайлауына бір мандатты сайлау округтері бойынша – 1 451 кандидат, қалалық мәслихатқа – 2 114, аудандың мәслихатқа – 6 732 кандидат тіркелген.
«Мәслихаттар депутаттығына үміткерлердің 61,8%-ы өзін-өзі ұсынса, 38,2%-ын саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынды. Кандидаттардың 72,8%-ы – ерлер, 27,2%-ы – әйелдер. Орташа жас – 42,6. Ең жас кандидат Павлодар облысында, ең егдесі Астана қаласында тұрады. Барлығы 39 ұлттың өкілдері ұсынылды.
Еске салсақ, кеше Мәжіліс пен мәслихат сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталды.
Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде қандай тәртіппен орналасатынын жеребе арқылы анықтаған болатын.