Мәслихат депутаты заңсыз тапқан табысын бюджетке қайтаруға міндетті - Қарағанды облысы
Бұл туралы жұма күні брифингте облыстық прокуратураның басқармасы прокуроры Айбар Ілияс мәлім етті.
«Дау-шар ұзаққа созылды. Тек аппеляциялық инстанцияда ғана прокуратура өз ұстанымының әділдігін дәлелдей алды», - деп атап көрсетті А. Ілияс. Әділеттікті орнатуға жарты жылдан астам уақыт кетті.
Ағымдағы жылдың ақпан айында Ақтоғай ауданының прокуратурасы сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңнаманың сақталуына жоспарлы тексеру жасады. Босатылған негізде жұмыс істейтін Ақтоғай аудандық мәслихаты тексеру комиссиясының төрағасы Өмірәлі Смайылов, педагогикалық, ғылыми және басқа да шығармашылық жұмыстардан басқа, ақылы қызметпен айналысуға тыйым салынғанына қарамастан, «Энергия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры болған және ай сайын ол жерден жалақы алып отырған. Прокуратура мәліметтері бойынша, заңсыз кіріс 786 мың теңгеден астамды құраған.
«Прокуратура органдары дау-шарды сотқа дейін реттеу шараларын да қабылдады. Заңсыз алған қаражатты өз еркімен тапсыру туралы ұсынысты депутат құлаққа ілген жоқ», - дейді прокуратураның басқарма прокуроры Айбар Ілияс. Аудандық соттың шешімімен прокурордың шағымы қанағаттандырылған жоқ.
Аудандық соттың шешімімен келіспеген прокуратура аппеляциялық арыз берді. «Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының шешімімен Ақтоғай аудандық мәслихатының тексеру комиссиясы төрағасының «Энергия» ЖШС-інен ақша қаражатын алу әрекеті сыбайлас жемқорлық факті деп танылды. 786 756 теңге көлеміндегі ақша қаражаты мемлекеттің бюджетіне аударылатын болды», - деп хабарлады прокурор. Оның айтуынша, қазір соттың шешімі заңды күшіне енді және орындалуда.
Айбар Ілияс сондай-ақ, прокуратураның «Нұр Отанның» аудандық филиалына партия мүшесі болып табылатын депутаттың партиялық жауапкершілігін қарау туралы хат жазғанын айтып өтті. Бірақ та депутат партия қатарынан өз еркінен шығып отыр.