Мәслихат сайлауы қалай өтеді және дауыс берушілер нені білуі қажет

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.

Алматыда бірқатар кандидат мәслихат сайлауынан шеттетілді
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, дауыс беру таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.

Дауыс беру жүйесі мен бюллетеньдер

Сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша ұйымдастырылады, ал бюллетеньдер өңір мен сайлау деңгейіне қарай төрт түрлі түсте болады:

Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалаларда сайлаушыларға 2 бюллетень беріледі:

• Көгілдір түсті — саяси партиялардың тізімдері бойынша дауыс беруге арналған.

• Жасыл түсті — бір мандаттық аумақтық округтер бойынша кандидаттарға дауыс беруге арналған.

Облыстық маңызы бар қалалар мен аудандарда депутаттар тек бір мандаттық округтер бойынша сайланады:

• Күлгін түсті — облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттары үшін.

• Қызғылт сары түсті — аудандық мәслихаттар үшін.

Барлық бюллетеньдерде «Барлығына қарсы» деген баған қарастырылған.

Дауыс беру тәртібі мен маңызды мерзімдер

* Үгіт-насихат және тыныштық күні. Сайлау алдындағы үгіт 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады, ал 28 қараша — тыныштық күні.

* Қажетті құжаттар. Сайлау учаскесіне өзіңізбен бірге жеке басты куәландыратын құжатты (жеке куәлік немесе паспорт) алу қажет.

* Қатысушы партиялар. Партиялық тізімдер бойынша сайлауға 7 партия жіберілді: «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», ҚХП және «Respublica».

* Қорытынды. Жалпы 228 мәслихатқа 3 447 депутат 5 жыл мерзімге сайланады, ал дауыс беру нәтижелері 4 желтоқсанға дейін анықталады.

Айта кетейік, осыған дейін ОСК мәслихат сайлауымен байланысты 20 өңірдегі дайындықты тексерген болатын.