Мәслихат сайлауы: Кандидаттар қашан тіркеліп, үгіт жүргізе алады
АСТАНА. KAZINFORM — Орталық сайлау комиссиясы 29 қарашаға белгіленген мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті.
Жоспарға сәйкес, ұсыну және өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталады және 27 қазанда сағат 18:00–де аяқталады.
Партиялық тізімдер және кандидаттарды тіркеу кезеңі 1 қарашада сағат 18:00–де аяқталады.
— ҚР Сайлау туралы заңының 27-бабы 2-тармағына сәйкес, сайлау алдындағы үгіт партиялық тізімдер және кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталған сәтте басталады. Үгіт-насихат кезеңі сайлауға бір күн қалғанда сағат 00:00–де аяқталады. Яғни, 1 қараша күні сағат 18:00–кейін басталып, 28 қарашада сағат 00:00–ге дейін жүргізіледі, — деді ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.
Сайлау учаскелерінің шекараларын және учаскелік комиссиялардың құрамдарын жариялау мерзімі сайлау тағайындалғаннан кейін 15 күннен кешіктірмей, яғни 28 қазанға дейін анықталуы керек.
Жергілікті атқарушы органдар сайлаушылардың тізімдерін дауыс беру басталардан 20 күн бұрын — 9 қарашада сайлау учаскелеріне жібереді.
Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учаскелері бойынша сайлаушылардың тізімдері сайлаушыларға өздері туралы деректермен танысу үшін дауыс беру күнінен 15 күн бұрын, яғни 13 қарашадан бастап ұсынылады.
2026 жылғы 28 қараша — Тыныштық күні.
— Дауыс беру сайлау күні сағат 7:00–ден сағат 20:00–ға дейін өтеді. Аумақтық сайлау комиссиялар дауыс беруді бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгілеуге құқылы. Бұл жағдайда дауыс беруді 6:00–ден ерте бастауға және сағат 22:00–ден кеш аяқтауға болмайды, — деп түсіндірді ОСК өкілі.
Мәслихаттар депутаттарының сайлау қорытындылары 5 күн мерзімде анықталады.
Еске сала кетсек, 29 қарашада Қазақстанда кезектен тыс мәслихат сайлауы өтеді.
Кеше Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды.