Мәслихат сайлауы: Қазақстанда 10 971 кандидат тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында ҚР мәслихаттары депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары шығарылды.
Отырыс барысында аумақтық сайлау комиссиялары кандидаттарды тіркеу нәтижелерін таныстырды.
1 қараша күні сағат 18:00–дегі жағдай бойынша еліміз бойынша 10 971 кандидат тіркелген.
3 113 бірмандатты аумақтық сайлау округінде 9 752 кандидат тіркелді. Осылайша, орта есеппен бір депутаттық мандатқа үш адам үміткер болып отыр.
Еліміздің 20 өңірінде партиялық тізімдер бойынша 99 тізім тіркеліп, олардың құрамына 1 219 кандидат енгізілді.
Отырыс барысында ұсынылған мәліметтерге сәйкес, квоталық санаттарға жататын кандидаттардың саны 527 адам немесе 43,2%.
Астана қаласы
Астанада 17 бірмандатты сайлау округі бойынша 83 адам өз кандидатурасын ұсынды. Олардың бесеуі кандидатураларын қайтарып алды, тағы 10 адам қажетті құжаттардың барлығын ұсынбаған немесе сайлау жарнасын төлемеген.
Жеті партия өз тізімдерін ұсынып, оған 101 кандидат енгізілді.
Алматы қаласы
Алматыда 21 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша 111 адам кандидатурасын ұсынды.
Олардың 12-сі кандидатураларын қайтарып алды. Бір кандидат талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты тіркеуден бас тартылды, тағы 15 кандидат сайлау жарнасын төлемегені үшін тіркелмеді.
Нәтижесінде 83 кандидат қалды.
Алты партия өз тізімдерін ұсынып, оған 121 кандидат енгізілді. Олардың екеуі кандидатураларын қайтарып алды.
Шымкент қаласы
Шымкентте барлығы 52 кандидат ұсынылды. Олардың тоғызы кандидатураларын қайтарып алды, бір кандидат сайлауалды үгіт жүргізу тәртібін бұзғаны үшін, тағы үшеуі сайлау жарнасын төлемегені үшін кандидаттықтан алынды.
Бес партия өз тізімдеріне 58 кандидатты енгізді.
Айта кетейік, мәслихаттар мерзімінен бұрын таратылатынын жазғанбыз.