Мәслихаттардан шығып қалған депутаттардың орнына 201 кандидат ұсынылды - Мелдешов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына 201 кандидат ұсынылды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап өтуінше, 2017 жылғы 26 наурызда Республиканың 58 сайлау округінде болатын мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауға кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталды. 13 депутат облыстық, 9 қалалық, 36 аудандық мәслихаттарға сайланады.
«Сайлау науқанының барысында 201 кандидат, олардың 63-ін - саяси партиялар, 138-сі - өзін-өзі ұсынды. Ұсынылған кандидаттар ішінде 154 (76,6 %) ер адам және 47 (23,4 %) әйел адам бар. 65 кандидат Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшелері болып табылады, 70-і партия қатарында жоқ, 66-сы партияға тиесілілігін көрсетпеген. Ұсынылған кандидаттардың ішінде 6 ұлттың өкілі бар. Кандидаттардың орташа жасы - 41 жас. 156 (77,6%) кандидаттың жоғары білімі, 34-інің (16,9 %) орта арнаулы білімі және 11-інің (5,5%) орта білімі бар»,- деді ол.
Хатшының айтуынша, қазіргі уақытта мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттарды тіркеу жалғасуда. Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарында тіркеу бүгін, 1 наурызда, ал Астана қаласында 10 наурызда аяқталады. 2017 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша округтік сайлау комиссиялары 184 кандидатты тіркеді.
Тіркеу мерзімі аяқталған соң тіркелген барлық кандидаттар 24 наурыз күнгі сағат 00:00-ге дейін жүретін сайлауалды үгітке кіріседі. 11 наурыздан бастап сайлау болатын округтердің сайлаушылары учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тізімдерімен танысып, олардағы өзі туралы мәліметтерді тексеріп және оларда жіберілген дәлсіздіктерді анықтаған жағдайда, түзетулер енгізе алады», - деді Мелдешов.