Матаев ісі бойынша апелляциялық алқа отырысы 6 желтоқсанда өтеді

Астана қаласы сотының апелляциялық алқасының судьясы Алма Есімова Матаевтарға қатысты апелляциялық алқа отырысын 6 желтоқсанға ауыстырды.
Айта кетейік, 3 қазанда Астанадағы Есіл аудандық №2 сотының шешімімен, мемлекет бюджетінен ірі көлемде ақша жымқырды және 300 млн теңге салықты төлеуден жалтарды деп айыпталған Сейітқазы Матаев 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал оның баласы Әсет Матаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сейітқазы Матаев пен оның баласы, «КазТАГ» ХАА бас директоры Әсет Матаев өзара сыбайласа отырып, 300 миллион теңге жымқырды деп айыпталған болатын. Бұған қоса, тергеу шаралары Сейітқазы Матаевтың 327 млн теңге көлеміндегі салықтан жалтарып жүргенін анықтаған еді.
Сейітқазы Матаев ҚР ҚК 177-бабының 4-бөлімінің Б тармағы бойынша және ҚР ҚК 245-бабының 3-бөлімінің, 190-бабы, 4- бөлімінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оның дүние-мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды. Және өмір бойына мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардағы ұйымдастырумен және материалдық жауапкершілікпен байланысты басшылық қызметтерді атқара алмайды. Әсет Матаев та ҚР ҚК 194- бабы 4-бөлімі, 190-баптың 4-тармағында көрсетілген қылмыстар бойынша кінәлі деп танылды. Аталған баптар негізінде «КазТАГ» ХАА бұрынғы басшысының дүние-мүлкі тәркілене отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды және коммерциялық ұйымдарда ұйымдастырумен және материалдық жауапкершілікпен байланысты басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салынды.