Матаев «Қазақтелеком» тендеріне қалай қатысқаны жайлы айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Матаевтардың ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма мүшесі, стратегиялық басқару бойынша бас директоры Батыр Маханбетәжиев өз түсініктемесінде байқау өтінімдеріндегі бағалардың бекітілген баспа БАҚ прайс-листерінен емес, С.Матаев құрған «ҰБО» ҚБ мазмұндамасынан көрсетілгенін айтты, деп хабарлады Bnews.kz">Bnews.kz тілшісі.

Матаев «Қазақтелеком» тендеріне қалай қатысқаны жайлы айтып берді

Сонымен бірге, куәгердің айтуынша,  «ҰБО» ҚБ бағалары бекітілген баспа БАҚ прайс-листеріндегі бағалардан әлдеқайда жоғары болған.

Батыр Маханбетәжиев орындалған жұмыс актілерін тексермегенін мойындады. С.Матаевтың ар-ұжданына сенгендіктен тексеріс жүргізбегенін айтты. Ақырында қызметтердің көтеріңкі бағамен жазылғаны анықталды.

Айыпталушы Сейітқазы Матаевтың айтуынша, «Қазақтелеком» үнемі жылдың екінші жартысында тендер өткізген. Яғни, бірінші жартыжылдықта АҚ жарнамалық материалдарды ҰБО қатысуынсыз, өздері жариялаған. 2011-2013 жылдар аралығында «Ұлттық баспасөз клубы» ҚБ жыл сайын жылдың екінші бөлігінде телекоммуникация саясатын насихаттау бойынша қызмет көрсетуге тендер алып отырған. 

«Жылдың алғашқы айларында «Қазақтелеком» газет редакцияларымен ақысын кейін төлеуге келісіп, жарнамалық модульдерді жариялап отырған. Жылдың екінші жартысында біз тендер жеңімпазы атандық және «Қазақтелеком» ауызша келісім арқылы материалдар жариялағанын айтып, келісімшарт аясында ақысын төлеуді сұрайтын», - деп сотқа хабарлады С.Матаев.

Жарияланған материалдардың үлкен көлемін ескере отырып, тапсырыспен жазылған материалдарды жариялауда БАҚ редакциялары Матаевқа прайс-лист құнынан 30-50% жеңілдіктер жасаған. Тергеушілердің анықтауынша, жеңілдіктен түскен ақшаны жұмыс барысын ұйымдастыруға кетті деп С.Матаев өзі иемденген.

Алайда, бүгінгі сот талқылауында С.Матаевтың бір жарым жыл бойы «Қазақтелеком» АҚ ілгері дамыту барысына еш қатыспағаны, бірақ жарияланым ақысын кеш төлеу дәстүрінің арқасында редакциялық жеңілдіктен түскен ақшаны өзіне алып отырғаны белгілі болды.

Осылайша, соңғы бір жарым жыл ішінде «Қазақтелеком» АҚ жарнамалық-ақпараттық материалдарын жариялау жұмыстарын Қазақтелеком қызметкерлері атқарып келді, ал акционерлік қоғам төлеген толық соманың 30 пайыздан 50 пайызға дейінгі бөлігі Сейітқазы Матаевқа аударылып отырған.