Матаевтар ісі бойынша тергеу: ҰБК қызмет құнын көтерген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сейітқазы Матаевқа тиесілі «Ұлттық баспасөз клубы», тергеу нұсқасы бойынша, «Қазақтелеком» АҚ жарнамалық өнімін орналастыру бойынша көрсетілетін қызметтің құнын әдейі көтеріп отырған, ал оның айырмасын қолды етіп, өзінің жеке қажетіне жұмсаған.
Тергеу Сейітқазы Матаев өзінің беделін пайдаланып, «Қазақтелеком» АҚ-ның стратегиялық басқару бойынша бас директоры Батыр Маханбетажиевке оған компания қызметі жөнінде хабар таратуға тендер ұтып алуда жәрдемдесуді сұрап, өтінішпен жүгінгенін анықтады. Сейітқазы Матаевқа тиесілі «Ұлттық баспасөз клубы» жарнамалық материалдарды орналастыруда газет пен компания арасындағы делдал рөлін атқаруы тиіс еді.
Бұдан бұрын Батыр Маханбетажиев өз жауабында сатып алу ережесі бойынша қосалқы мердігерлікке беруді азайту қажеттігін растаған. Алайда ол С. Матаевтың ұсынысымен келіскен. Ол өз қызметкерлеріне барлығы тендерлік құжатқа сәйкес келуі үшін Сейітқазы Матаевқа өтінім жасауға жәрдемдесуін тапсырды. Тергеу анықтағандай, «Қазақтелеком» АҚ қаражатынан Матаев 143 млн теңге қымқырған.
Осы эпизод бойынша куәгер ретінде «Қазақтелеком» АҚ-ның жұртшылықпен байланыс қызметінің менеджері Мәдина Шілікбаева жауап берді.
Куәгердің айтуынша, 2013 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның «Время» газетінде жариялаған жарнамалық материалдарын тексеру мақсатында газет өкіліне телефон соғып, электрондық мекенжайға материалдарды жіберуді сұрайды.
Мәдина Шілікбаеваның айтуынша, жарнама-ақпараттық материалдың көлемі, газет нөмірі, 1 шаршы см орыннның бағасы көрсетілген кестені оған электрондық мекенжайға жіберген, бұл ретте баға шарттың қосымшасында көрсетілгеннен төмен болды.
Сондай-ақ Мәдина Шілікбаева түрлі БАҚ өкілдеріне қоңырау шалып, оларға жарнамалық-ақпараттық материалдар орналастыруға тендер өткізілмегенін, «Қазақтелеком» АҚ туралы материалдарды газеттер мен журналдарға орналастыруын, тендер өткізілгеннен кейін оның жеңімпазы қызмет үшін төлейтінін түсіндірген. Барлық БАҚ бұл шартқа келісті десе болады, олар шарт жасасқанға дейін материалдарды шығарды.
Мәдина Шілікбаеваның айтқанын «Қазақтелеком» АҚ-ның жұртшылықпен байланыс жөніндегі басқа менеджер Зәуре Қазыбаева да растады.
«Шарт жобасын дайындау кезінде «ҰБК» ұсынған бағаны көрсеттім де, Исакованы («Қазақтелеком» АҚ-ның жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры) ҰБК бағасы баспа БАҚ прайс-парағында көрсетілген бағадан әлдеқайда жоғары екенін айттым», - деді З. Қазыбаева.