Матаевтар ісі: Куәгерлер «ҚазТАГ-тың» заң бұзушылықтары туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-і мемлекеттік сатып алу шартын өрескел бұзғаны туралы соттағы куәгерлердің сөзінен мәлім болды. Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің баспа БАҚ басқармасының бұрынғы сарапшысы Айжан Байтанова аталған басқармаға 2015 жылы қаңтарда жұмысқа орналасқан.

Матаевтар ісі: Куәгерлер «ҚазТАГ-тың» заң бұзушылықтары туралы айтты

Сарапшы ретінде оның міндетінің бірі - ғаламтор ресурстарда жарияланған материалдардың есебі мен актілерін тексеру болған. Жұмысқа кіріскен маман көп ұзамай «ҚазТАГ»-тың тарапынан орын алған заң бұзушылықтарды анықтайды. Сотқа қатыса алмауына орай А. Байтанованың сотқа берген түсінігін судья Ақболат Құрмантаев оқып берді.

«Мен «ҚазТАГ»-тан келген есепті тексеріп отырып, агенттік жариялаған жаңалықтардың ақылы негізде екенін көрдім. Әр жаңалықты оқу 5 мың теңге тұрады. Бұған қоса, есептерде көрсетілген жаңалықтар тек қазақтандық БАҚ-тарда жарияланыпты. Ортаазиялық елдердің ақпараттық агенттіктерінің ешқандай жаңалықтары жоқ. Бұл заңды өрескел бұзу болып табылады. Өйткені «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-гі техникалық ерекшеліктерге сәйкес, кем дегенде төрт ортаазяилық мемлекеттің ақпарат агенттіктеріне материал жариялауы тиіс болған. Сонымен қатар, агенттік ақпараттық хабарларды өз сайтында ақысыз негізде жариялауға тиіс еді. Салыстырып қарасақ, 2015 жылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға қызмет көрсеткен басқа әлеуетті жеткізушілер бұл талапты бұзбаған. Мысалы, «Kazakhstan Today», «Nur.kz»,«Vlast.kz», «Zakon.kz»,«Matritsa.kz» сияқты БАҚ-тар ақпараттық материалдарды ашық тәртіппен, ақысыз негізде жариялады»,- делінген А. Байтанованың сотқа берген түсінігінде.

Айта кетелік, куәгер А. Байтанованың сөзін әріптесі Динара Бердешова да растады. Ақпарат және мұрағаттар комитетінің мемлекеттік сатып алу жөніндегі басқармасының бұрынғы сарапшысы Д. Бердешова аталған комитет пен «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-гінің арасында заңсыз шарт жасалғанын айтады. «2010 жылдың наурызынан 2011 жылдың қарашасына дейін мен Ақпарат және мұрағат комитетінің Мемлекеттік сатып алу басқармасында сарапшы болып жұмыс істедім. 2010 жылы 19-ыншы мамырда комитет төрағасы Б. Берсебаевтың бұйрығымен конкурстық комиссия құрылып, конкурстық құжаттама бекітілді. Оның ішінде әлеуетті жеткізушілерге арналған техникалық ерекшеліктер де болды. Мен бұл конкурста хатшылық қызмет атқардым. Бұйрық бекітілген соң мен оны мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастырдым. Конкурс нәтижесінде 2010 жылы 6-ыншы тамызда №67, 69 лоттар бойынша конкурс өткізілмеген болып есептелді. Себебі аталған лоттар бойынша жарияланған конкурсқа ешкім қатысқан жоқ. Ал 2010 жылы 17-інші тамызда комитет төрағасы Б. Берсебаев конкурс өткізілмеген лоттар бойынша «бір көзден» қаржыландыруға мемлекеттік сатып алу жөнінде шешім қабылдады. 2010 жылы 25-інші тамызда комитет пен «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-гі арасында аталған лоттар бойынша жалпы құны 20 млн. теңгені құрайтын №222 шарт жасалды. Комитеттің мұндай шартты жасауға құқығы жоқ болатын, себебі «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-гі бұл конкурсқа қатыспады»,- делінген куәгердің сөзінде.

 

Әмірлан Әлімжан