Матч кезінде ажал құшқан футболшының отбасы 100 мың доллар өтемақы алады

Бұл туралы шетелдік БАҚ аталған федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
«ФАФ, Кәсіби футбол лигасы және клуб 100 мың доллар көлемінде өтемақы төлеу туралы уағдаласты. Ол қаза тапқан футболшының отбасына аударылады. Бұған қоса, келісімшарттың соңына дейінгі ойыншының барлық жалақысы да төленетін болады», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, қайғылы оқиға Алжир чемпионаты кезінде «ЖС Кабилия» мен «УСМ Алжир» арасындағы кездесуде орын алған еді. Ойын барысында қонақтар алаң қожайындарын 2:1 есебімен тізе бүктірген. Кездесу аяқталғаннан кейін ойын нәтижесіне көңілі толмаған жанкүйерлер футболшыларға түрлі заттар лақтырды. Сондай сәттің бірінде өз командасына жалғыз гол сыйлаған Эбоссенің басына тас тиді. Осыдан кейін 24 жастағы камерундық футболшы ес жимастан ауруханада өмірден озды.
Алжир Ішкі істер министрлігі аталған іске байланысты тергеу амалдарын жүргізуде.
Эбоссе 2013 жылдан «ЖС Кабилия» сапында өнер көрсеткен еді. Ол өткен маусымда қарсыластарының қақпасына 17 доп соғып, Алжир чемпионатының ең үздік шабуылшысы атанған.