Математикадан өткен екі халықаралық олимпиаданың бас жүлдесін Талдықорған қаласының оқушысы жеңіп алды

АЛМАТЫ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін аяқталған XXI Азия-Тынық мұхит (АТММО) және IX «Жібек Жолы» (ЖЖМО) математикалық олимпиадалардың бас жүлдесін Талдықорған қаласының №20-шы мектеп-лицейдің 11-ші сынып оқушысы Қанат Сатылханов жеңіп алды,

Математикадан өткен екі халықаралық олимпиаданың бас жүлдесін Талдықорған қаласының оқушысы жеңіп алды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұнымен қатар, АТММО-ның сегіз және ЖЖМО-ның алты жүлдегері анықталды.

«Биылғы жылы қазақстандық оқушылар өткен жылғыға қарағанда өте жақсы, табысты өнер көрсетті. 2009 жылы ең үздік оқушы 15 балл жинаса, биыл, жетінші жүлдегер 16 балдық нәтижені көрсетті. Екі олимпиада да қиындығы жағынан өз деңгейіне лайықты болды», деді математикалық олимпиадалардың әділқазылар төрағасы Ержан Байсалов. Оның айтуынша, үстіміздегі жылы қазақстандық команда Халықаралық балкан олимпиадасына қатысады. «Бұл олимпиада Астанада өтетін Әлемдік олимпиадаға соңғы дайындық болады», деп атап өтті Е. Байсалов.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і мен "Дарын" Республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен олимпиадаға 120 қазақстандық оқушы қатысты.