Материалдық емес құндылықтарды тасымалдаушы тілдің тазалығына көңіл бөлген маңызды

None
None
АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Материалдық емес құндылықтарды тасымалдаушы тілдің тазалығына көңіл бөлген маңызды.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлімдеді.

«Соңғы жылдары Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарлама аясында материалдық емес мәдени мұраларды іздестіру, зерттеу, жинақтау, қорғау секілді көптеген игі істер атқарылуда. Мәдениет министрлігінің басшылығымен «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» жинақталып, ұлтымыздың алтын қорына айналды. 100 томдық бабалар сөзі жарыққа шығуда. Енді батырлар жыры да жинақталып жатыр. Бұл бағыттағы игі жұмыстары үшін Мәдениет министрлігінің басшыларына рақмет», - деді сенатор.

Сонымен қатар, заң жобасына тоқталған Қуаныш Айтаханов министрліктің әлі де болса дүниежүзілік мұра тізіміне ұлттық құндылықтарды енгізу жұмыстарын барынша жандандыруы қажеттігін атап өтті. «Мәселен, «Алпамыс батыр» эпосын өзбектер, түркімендер әзербайжандар да иеленуде. Екі-үш жыл бұрын Ташкент қаласында Алпамыс батырдың 1000 жылдығы тойланды. Бізде ондай той тойланбақ түгілі батыр жайында конференция да өткен жоқ. Ал қымызды немістер, айтыс өнерін қырғыздар иеленуге барынша ат салысуда. Ендеше бізге де қыруар жұмыстар атқарып, әбжіл қимылдау керек. Біздің ұлы даламыздағы материалдық құндылықтар әлемдік құндылықтарды байытатынына күмән жоқ», - деді депутат.

Бұдан бөлек, сенатор қазақтың ұлттық құндылықтарын шетелге кеңірек таныстыру үшін тіл білетін мамандардың аса қажеттігін атап өтті.

«Материалдық емес құндылықтарды тасымалдаушы - бұл тіл. Сондықтан да тілдің тазалығына, оны тазартуға да ерекше көңіл бөлу қажет. Өйткені, соңғы уақытта басқасын айтпағанда ұлттық баспасөзде де қазақ тілінің шұбарлануын байқайтындаймыз. Бұған Мәдениет министрлігі көңіл аударса игі», - деді Қ. Айтаханов.

Соңғы жаңалықтар
telegram