Мәтібұлақта Генерал-лейтенант М.Майкеевтің жетекшілігімен әскери қызметшілер кәсіби сыннан өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 21-28 қазан аралығында «Отар» 40-әскери базасының «Мәтібұлақ» полигонында (Жамбыл облысы) жыл сайынғы ҚР ҚК Құрлық әскерлері әскери қызметшілерінің кәсіби сынағы өтеді, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен. Сынаққа ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің барлық өңірлік қолбасшылықтарынан 50-ден аса команда, яғни 650-ге жуық түрлі мамандыққа ие әскери қызметші қатысады.
Сайыстар барысында әскери қызметшілер штаттық қару-жарақтың барлық түрлерін ату қабілеттерін көрсетеді. Мергендер өздерінің «дыбыссыз соғыс» өнерін көрсетсе, ал артиллеристер, минометшілер мен гранатометшілер керісінше белгіленген нысаналарды дүркіреген атыс астына алатын болады. Байланысшылар мен инженерлер взвод құрамында арнайы даярлық нормативтерін тапсырады.
Дене даярлығы бойынша әскери-спорттық нормативтерді тапсыруға ерекше назар аударылады. Әскери қызметшілерді белтемірдегі жаттығулардың бүкіл кешенін орындау, 24 келілік екі кір тасын көтеру, жалпы әскери ұрыстың негізгі өлшемдерін модельдейтін АРД кедергілер жолағынан өту күтіп тұр. Күштілікке арналған жаттығулардан кейін толық жарақтанған «экспресс-тестке» қатысушылар барлық қаруларымен 5 километрлік жедел марш жасайды. Сайыстың аяғында комиссия әскери ғылым мен жауынгерлік дағдыдан ең табыстыларды анықтайтын болады. «Экспресс-тест» сынағы ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеевтің жетекшілігімен өтеді.