Мәулен Әшімбаев: Ақ Олимпиада – барша спортсүйер қауым үшін маңызды оқиға

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Бейжің Олимпиадасына қатысатын спортшыларымызға сәттілік тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәулен Әшімбаев: Ақ Олимпиада – барша спортсүйер қауым үшін маңызды оқиға

«Бүгін Қытай астанасы Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Бұл – барша спортсүйер қауым үшін маңызды оқиға. Осы дүбірлі додада біздің спортшыларымыз да бақ сынайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысып, атлеттерімізге қолдау білдірді», - деп жазды Сенат спикері Instagram парақшасында.

Ол тәуелсіздік алғалы қазақстандық спортшылар ақ Олимпиадаға тұрақты түрде қатысып келе жатқанын, осы жылдар ішінде Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен және Юлия Галышева сияқты саңлақтарымыз жеңіс тұғырынан көрініп, барша қазақстандықтарға зор қуаныш сыйлағанын атап өтті.

«Биылғы қысқы ойындардан кейін бұл тізім толыға түседі деп сенеміз. Төрткүл дүние көз тіккен осындай аламандағы жеңістер ұлтты ұйыстырып, азаматтарымыздың патриоттық рухын арттыратыны анық. Біз бұл жолы да дәл сондай тамаша көңіл-күйді бастан өткереміз деп үміттенеміз. Осы жолда Бейжіңге аттанған әрбір атлетімізге жеңіс пен сәттілік тілейміз және әрдайым қолдау білдіреміз», - деді Мәулен Әшімбаев.