Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта сенаторлар атқаратын маңызды жұмыстар жайында айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 2021 жылы атқаралатын маңызды жұмыстар жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта сенаторлар атқаратын маңызды жұмыстар жайында айтты

«Алдымызда әлі талай маңызды міндеттер тұр. Елімізде Президент бастамасымен қолға алынған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жалғаса беретіні сөзсіз. Осындай кешенді іс-шараларды заңнамалық жағынан сапалы қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлеуметтік салаға басымдық беріп отыр. Соған байланысты қазіргі таңда жаңа «Әлеуметтік кодекс» әзірленіп жатыр. Бұл бағытта бір топ Сенат депутатының бастамасымен әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысты заң жобасы да дайындалуда», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол пандемиямен күрес, экономикалық өсуді қамтамасыз ету мәселелері де күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.

«Сондықтан келесі жылы да еліміздің алдында тұрған мақсаттарды жүзеге аясында бірлесіп, нәтижелі жұмыс істейік. Қаңтар айының басында сіздер өңірлерде жұртшылықпен кездесесіздер.

Сол кезде мәслихаттармен тығыз байланыста болып, халықтың пікірі мен ұсыныстарына құлақ асады деп сенемін. Жаңа 2021 жыл – Қазақстанның қоғамдық-саяси және рухани өмірі үшін аса жауапты және ерекше жыл. 10 қаңтарда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депуттарының сайлауы өтеді. Халқымыз ел жылнамасындағы межелі кезең – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеді. Сондай-ақ, келесі жылдың қаңтар айында қос палаталы кәсіби Парламенттің бірінші сессиясының ашылғанына 25 жыл толады. Сондықтан алдымызда біраз жұмыстар бар. Соларды жүзеге асыруда баршаңызға сәттілік пен табыс тілеймін», - деді Сенат төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Парламент 110 заң қабылдады. Оның 30-ға жуығына Парламент депутаттары бастамашы болды.