Мәулен Әшімбаев Бас мүфти мен православ шіркеуінің Қазақстандағы жетекшісімен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
None
None

Кездесу барысында дінаралық диалогты дамыту және елімізде қоғамдық келісімді нығайту мәселелері талқыланды.

Мәулен Әшімбаев Қазақстанның ел ішінде және жаһандық деңгейде дінаралық диалог идеясын ілгерілетуге баса мән беріп отырғанын атап өтті. Сенат Төрағасы алдағы уақытта Съезд Хатшылығының жұмысы діни бірлестіктер өкілдерінің сындарлы байланысын нығайтуға бағытталатынына сенім білдірді.

Сенат Төрағасы мешіт қызметкерлерінің пандемия кезінде азаматтарымызға қолдау көрсеткенін тілге тиек етті. Атап айтқанда, сын сағатта қайырымды істер ұйымдастырып, мұқтаж отбасыларға көмек қолын созған Діни басқарманың белсенді жұмысына ерекше назар аударды.

Сондай-ақ, тараптар елімізде қоғамдық келісімді нығайтудың және түрлі конфессия өкілдері арасында тиімді байланыс орнатудың маңызына тоқталды.

Cонымен қатар Мәулен Әшімбаев Орыс православ шіркеуінің Қазақстандағы жетекшісі, Астана және Қазақстан Митрополиті Александрмен кездесу өткізді.

Мәулен Әшімбаев православ шіркеуі Қазақстанда қоғамның рухани дамуы жолында үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Сенат Төрағасы биыл Қазақстанның православ шіркеуі бүкіл православ әлеміне танымал ағаш сәулет өнерінің жауһары болып саналатын Вознесенск кафедралды шіркеуінің оралғанына 25 жыл толуын атап өтетінін еске салды. Шіркеу тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесіне ие, Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енгізілген және Алматының көрікті ғимараттарының бірі болып есептеледі.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қорытындыларын іске асыру жұмыстарына қатысты пікір алмасу жүргізілді, сондай-ақ елімізде конфессияаралық келісім идеяларын одан әрі ілгерілету мәселелері талқыланды.


Соңғы жаңалықтар