Мәулен Әшімбаев: Биылғы съезд әлем үшін тарихи және бірегей оқиғаға айналады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі әлем үшін тарихи және бірегей оқиғаға айналады. Бұл туралы Сенат төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз бүгін алдағы форумға қатысты бірқатар ұйымдастыру мәселелерін талқылап, тағы бір пысықтап алу үшін жиналып отырмыз. Алдымен, VII съезді ұйымдастыру жолында бірлесіп атқарған ауқымды жұмыстарыңыз үшін баршаңызға шын көңілден алғыс білдіреміз. Биылғы съезд әлем үшін тарихи және бірегей оқиғаға айналады десек, артық бола қоймас. Ең алдымен, бұл - коронавирус пандемиясы басталғалы бері алғаш рет өткізіліп отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі», - деді ол съезд хатшылығының ХХ отырысында.
Сенат төрағасы індет кезінде диалог пен тікелей қарым-қатынас жетіспегенін баса айтты.
«Съезд рухани көшбасшыларға тікелей сұхбат құруға, дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайтудың маңызды мәселелерін бірлесіп қарауға, сондай-ақ әлемді алаңдатқан өзекті проблемаларды шешу жолдарын талқылауға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан алдағы съезд мазмұнды әрі табысты болады деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.



