Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ ПА төрағасымен кездесті
Палата Төрағасы Маргарета Седерфельтке Сенаттың шақыруын қабыл алып, Қазақстанға келгені және Астана халықаралық форумына қатысқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Парламенттік Ассамблеяның жаһандық деңгейде қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін шешудегі маңызды рөліне тоқталды. Мәулен Әшімбаев Сенат Швеция Риксдагымен тығыз байланысты дамытуға мүдделі екенін де білдірді.
«Қазақстан Парламентінің екі палатасында да Швециямен достық топтары жұмыс істейді. Швеция Парламентінде Орталық Азия Парламенттерімен Достық қауымдастығының құрылуын құптаймыз. Біз осы топтардың әлеуетін жандандырып, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Парламентаралық Одақ шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастықты нығайтуымыз керек деп есептейміз», – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар палата Спикері Швеция Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы маңызды экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Соған байланысты ол ғылым, білім беру, өндіруші өнеркәсіп, денсаулық сақтау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, тұрақты даму және энергетика салалары бойынша ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті.
Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ ПА миссиясының Қазақстанда өткен парламенттік сайлауларды бақылауға қатысқаны үшін Маргарете Седерфельтке ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында Парламент жүргізіп отырған жұмыстарға назар аударды.
Өз кезегінде ЕҚЫҰ ПА Төрағасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси өзгерістердің қарқынын оң бағалап, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.
Одан бөлек, сұхбаттасушылар Астана халықаралық форумының күн тәртібіндегі негізгі тақырыптарды, оның ішінде климаттың өзгеруі, азық-түлік дағдарысы мен энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.