Мәулен Әшімбаев: Елдің дамуы экономикаға ғана емес, саяси жүйеге де байланысты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күні қарсаңында сөйлеген сөзінде елімізде маңызды реформалар жалғасатынын айтқан еді. Мәулен Әшімбаев «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында осы мәселеге тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президентіміздің бұл мәлімдемесі мемлекеттік дамуда барлық саланы қамту керектігін көрсетеді. Тек экономика немесе әлеуметтік саламен шектелмей, саясатта да маңызды реформаларды жүзеге асыруымыз керек. Ол партиялардың дамуына қатысты немесе адамдардың құқықтарын жүзеге асыруға байланысты болуы мүмкін. Мемлекет басшысы оны уақыты келген кезде нақты айтады», – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар ол қазіргі таңда елдік мәселеде көп дүние саяси жүйеге байланысты екенін айтты.
«Қазіргі таңда саяси реформалардың маңызы зор. Елдің дамуы тек экономикаға байланысты емес. Көп нәрсе саяси жүйеге және мемлекеттік басқаруға байланысты. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттарда нақты шаралар қолға алынатыны сөзсіз. Сенат өз тарапынан ол реформаларды жүзеге асыруға керекті заңдарды сапалы және уақтылы қабылдайтын болады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сұхбат барысында Тәуелсіздікті сақтаудың маңызы және сыбайлас жемқорлықпен күрестің ел дамуындағы рөлі жөнінде кеңінен сөз болды.
Одан бөлек, Сенат Төрағасы жоғары палатының биылғы атқарған жұмыстарына, қабылданған заңдардың маңызына және алдағы мақсат-міндеттерге тоқталып өтті.