Мәулен Әшімбаев: Ғылыми көзқарас қалыптастыратын салалық журналистиканы дамыту керек
Клуб отырысында талқыланған маңызды мәселелердің бірі медиа саласына қатысты болды. Мәулен Әшімбаев пандемия кезеңінде медиакоммуникацияның ерекше рөл атқарғанын тілге тиек етті.
«Пандемия кезеңінде нақты мәліметтер мен тексерілген ақпараттардың тапшылығы байқалды. Сондықтан адамдар ақпарат көздеріне мұқият мән беріп, беделді медиаларға ғана басымдық берді. Бұдан сапалы жаңалықтар тарататын журналистика пайда көрді. Нәтижесінде, әлемнің жетекші ақпарат құралдарының оқырмандары көбейіп қана қоймай, олардың ақылы жазылымдары да арта түскен», – деді Палата төрағасы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев мұндай үрдістің кері әсері де байқалғанын атап өтті. Белгісіздік пен ресми ақпарат көздеріне деген сенімсіздік фейк-ньюстердің және әртүрлі конспирологиялық теориялардың көбеюіне әкеліп соқтырған.
«Қазіргідей ақпараттар ағынында адасып қалмау үшін адамға ақ пен қараны ажырататын арнайы білім керек. Бұл ретте жаңа заман адамы үшін медиасауаттылықтың маңызы зор екені сөзсіз. Меніңше, осы трендті ескеріп, Қазақстанда әлемге ғылыми көзқарас қалыптастыратын салалық журналистиканы дамытуға және ғылымды дәріптейтін қоғамдық пікірдің көшбасшыларын дайындауға көңіл бөлген жөн. Бұл медиа саласының сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Мәулен Әшімбаев.