Мәулен Әшімбаев: Мұқағали шығармаларын дәріптеу - бүгінгі буын мен келер ұрпақтың абыройлы міндеті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын дәріптеу - бүгінгі буын мен келер ұрпақтың абыройлы міндеті. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәулен Әшімбаев: Мұқағали шығармаларын дәріптеу - бүгінгі буын мен келер ұрпақтың абыройлы міндеті

«Бүгін қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Бұл – әдебиетіміз үшін ғана емес, тұтас руханиятымыз үшін атаулы дата. Себебі, Мұқағали – ұлттық болмысымызды өлеңмен өрген біртуар талант иесі», - деп жазды Сенат спикері Instagram парақшасында.

Оның атап өтуінше, ақынның шығармаларында қазақы бояудың қалың екенін аңғару қиын емес. Шын мәнінде, өлеңдерінен ұлттық рухтың лебі еркін сезіледі.

Сол себепті де Мұқағалидің жырлары әр оқырманның жүрегіне жол таба білді.

«Мен – таулықпын!» деп, Хан Тәңірінен шабыт алған ақынның өлеңдері де қазіргі таңда қазақ поэзиясының асқар шыңына айналғаны анық. Сондықтан халқын, тілін, Отанын үш бақытына теңеген Мұқағалидің шығармаларын дәріптеудің қашанда маңызы зор. Бұл, әсіресе, бүгінгі буын мен келер ұрпақтың абыройлы міндеті болуға тиіс», - дейді Мәулен Әшімбаев.