Мәулен Әшімбаев Парламент жұмысының регламенті не себепті өзгеретінін айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 19 желтоқсанда өтетін Парламент палаталарының бірлескен отырысында сайлауға қатысты мәселелер қаралмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл отырыста Қазақстан Республикасы Парламентінің жаңа регламентін қабылдау мәселесі қаралады. Сайлауға қатысты немесе басқа да мәселелер талқыланбайды», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сенат төрағасы биылғы референдум аясында Конституцияға Парламенттің қос палатасы – Мәжіліс пен Сенат арасындағы қатынастарды реттейтін нормалар енгізілгенін еске салды. Атап айтқанда, бұл үдеріс оңтайландырылып, заңдарды қарау үдерісі жылдам жүреді.
«Осы орайда біз регламентті өзгертуіміз керек, бұл палаталар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін ішкі құжат болып саналады. Яғни, Мәжіліс заң жобаларын қалай қарайды, құжаттарды қарастыру мерзімі, сондай-ақ оларды бекіту немесе қайтару талаптары ескеріледі. Бұл тұрғыда қос палатаның өзара іс-қимылына қатысты осындай өзекті мәселелер қаралып, регламент қабылданады», - деді М. Әшімбаев.
Оның айтуынша, осы мәселе аясында жұмыс тобы құрылып, оның құрамына қос палата депутаттары кірген. Олар Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралатын реглементті толықтыру және өзгерту бойынша ұсыныстар дайындады.
«Осы құжаттың қабылдануының нәтижесінде, барлық ішкі рәсімдерімізді конституциялық реформаға сәйкестендіреміз. Болашақта Мәжіліс заңдарды қабылдайды, Сенат мақұлдайды. Бірақ Сенаттың заңды мақұлдамауына немесе нақты нормаларды бекітпеуге, сондай-ақ Мәжіліс қабылдаған кез келген нормаға өз нұсқасын енгізуге мүмкіндігі бар», - деді ол.
Сонымен қатар Сенат төрағасы 19 желтоқсандағы Парламент палаталарының бірлескен отырысына Мемлекет басшысы қатыспайтынын айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды.