Мәулен Әшімбаев Сенат жұмысының негізгі басымдықтарын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді орындау аясында жаңарған Парламент жұмысының негізгі басымдықтарына назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін біз сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясындағы алғашқы Сенат отырысын өкізіп отырмыз. Сессияның ашылуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, бірқатар өзекті әрі маңызды мәселені көтерді. Осы орайда Парламент пен Үкіметке нақты міндеттер жүктелді. Соған сәйкес кеше палата бюросының отырысында жаңа сессияға арналған жұмыс жоспарын бекіттік», - деді М. Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы заң шығару қызметінде жаңа тәсілдерді қолданудың және мүдделі органдармен, сарапшылармен, өңірлердегі белсенді азаматтармен тығыз байланыс орнату маңызды екенін атап өтті.
Палата спикерінің айтуынша, мұндай жұмыс форматы әзірленіп жатқан құжаттарды жан-жақты талдауға және олардың сапасын арттыруға ықпал етеді.
«Заңдарды қарау кезінде талқылау процестерін барынша ашық, инклюзивті, жария түрде өткізуіміз керек. Мұндай қадам Парламенттің ашықтығын арттыруға септігін тигізеді. Сенат жұмысында өңірлердің және шалғай ауылдардың тұрғындарын алаңдатқан мәселелер, сондай-ақ сенаторлармен кездесулер кезінде көтерілген проблемалар ескерілуі тиіс. Бұл – біздің негізгі міндетіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 29 наурызда VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы ашылды. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.