Мәулен Әшімбаев супермаркеттер отандық өнімдерге жақсы шарттар ұсынбайтынына наразы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев супермаркеттер Қазақстан өнімдеріне жақсы шарттар ұсынбайтынына наразылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында палата спикері Қазақстан өндірістік импортқа тәуелді екенін атап өтті.
«Біз өзіміз Қазақстанда кейбір позициялар бойынша отандық өнімдер өндірісін құра алмадық. Тәуелсіздік жылдарында қаншама ақша бөлінгенімен, өз сұранысымызды жаба алмай отырмыз», - деді Мәулен Әшімбаев.
Жоғары палата төрағасы егер көрші елдердің ұлттық валютасы нығайса, онда Қазақстанда соның аясында бағасы өсіп шыға келетіндігіне назар аудартты.
«Демек, импортты әртараптандыру қажет. Мемлекеттік органдар импортты белсенді түрде әртараптандыруы тиіс. Басқа көлік бағдарларын пысықтап, өзге әдістерін іздеуі керек. Үнемі көрші елдің инфляциясын импорттай алмаймыз. Әрине, бәрімен қарым-қатынасты дамытамыз. Бәрі де көршіміз – стратегиялық әріптесіміз. Дегенмен, жеткізілім бағдарларын белгілі бір деңгейде әртараптандыру қажет», - деді Сенат спикері.
Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шағымына тоқталды.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егер ірі супермаркеттерге кірсе, онда олардың ауыл шаруашылығы өнімдері өтімді орындардағы сөрелерге қойылмайды деп шағымданады. Ол жерлерде импорттық өнімдер тұрады. Олардан бұл үшін қосымша қомақты ақша сұрайды. Егер бермесе, онда өнімдерін сырғытып, импорт алдыңғы қатарға шығарылады. Импорттаушылардың мұндай мүмкіндіктері бар», - деді Мәулен Әшімбаев.
Оның атап өтуінше, дәл осы жайт баға мен инфляция өсіміне де әсер етеді.
«Мұндай жайт желілік сауда нысандарын үнемі бақылай алмайтындығымыздың есебінен орып жатыр. Демек, біз өзіміздің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдамамаймыз. Мұндай жағдайда бұл мәселені нормативтік тұрғыда реттеуге болады», - деді ол.