Мәулен Әшімбаев цифрландыруға бөлінген ақшаның тиімсіз игерілетінін сынады

АСТАНА. KAZINFORM – Сенаттың жалпы отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев цифрландыру саласындағы жетістіктер туралы баяндама оқыған. Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев баяндамада айтылған көрсеткіштер қазақстандықтардың нақты өмір деңгейімен сәйкеспейтінін сынады.

Мәулен Әшімбаев
Фото: ҚЗСИ

«Цифрландырудың арқасында инвестиция артты ма? Базалық тұрғыда қарасақ, инвестиция көлемі құлдырап барады. Солай емес пе? Президент тапсырмасы бойынша экономикалық өсімді 6 пайызға жеткізе алдық па? Жеткізген жоқпыз. Әлеуметтік шығындарды қысқарттық па? Жоқ, әлеуметтік шығындар артып жатыр. Ауылға сапалы интернет тарттық па? Жоқ, тартқан жоқпыз. Сараптап қарасақ, сіз айтқан құрғақ цифрлардың керегі не», - деді Сенат спикері.

Сондай-ақ, ол салаға бөлінген ақшаның тиімді игеріліп жатқанына күмән көп болуы орынды екенін айтты.

«Тек сіздің министрлік бойынша ғана қарасақ та қомақты қаржы бөлінген. Оның сыртында әкімдіктер, өзге министрліктер, ұлттық компаниялар қаражат жұмсайды. Цифрландыруға, оның құралдарын сатып алуға кеткен қаражаттың бәрін интеграцияласақ, республикалық бюджеттің қомақты бөлігін алып жатыр. Осы ақшаның бәрін қаншалықты тиімді игеріп жатырмыз деген сұрақ заңды деп ойлаймын», - деді Сенат төрағасы.

Министр салаға бөлінген қаражаттың есебінен, Astana hub орталығының мол жетістікке жетіп жатқанын, ІТ қызметтер экспортының өскенін, «электронды үкімет» жобасының жемісті іске асқанын еске салды.

«Жалпы, біз цифрландыруға қыруар қаржы құйылып жатқанын жоққа шығармаймыз. Бірақ біз жүргізген ұзақ мерзімді саясатқа көз жүгіртсек, негізі бұл инвестициялардың өз пайдасын бере бастағанын көріп отырмыз. Мен өз баяндамамда небәрі 4-5 жылдың ішінде экспорттың жылдық көлемі 30 миллионнан 500 миллион долларға дейін өскенін айттым. Міне, бұл экспорттық кірісті әртараптандыруға нақты үлес болып есептеледі», - деді Жаслан Мәдиев.

Соңғы жаңалықтар