Мәуліт мерекесіне арналған шығармалар бәйгесінің қорытындысы шықты

АЛМАТЫ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хазірет Мұхаммед саллаллаһу аләйһу уә сәлемнің өнегелі өмір жолы туралы жазылған шығармалар бәйгесінің қорытындысын жариялады,

Мәуліт мерекесіне арналған  шығармалар бәйгесінің қорытындысы шықты

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл сайын Мәуліт мерекесі қарсаңында Діни басқарма «Көкжиек» баспасымен бірігіп Мұхаммед пайғамбардың өнегелі өмір жолы туралы жазылған шығармаларға бәйге жариялап келеді. Биыл оған еліміздің түкпір-түкпірінен бірнеше мың адам (3 мың) пайғамбарға деген сүйіспеншілігі туралы ойларын хатқа түсіріп жіберген екен. Оның ішінде мектеп оқушылары да, студенттер де, жалпы азаматтар бар. Қазір біздің мешіттеріміздің барлығының жастарменен тола екендігінің бір кепілі дінімізге, пайғамбармызға деген сүйіспеншілікте жатқанын өздеріңіз аңғарған шығарсыздар. Олардың бәріне Алла разы болсын», дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсәттар қажы Дербісәлі.

Онда оқушылар арасында да, студенттер арасында да үш-үштен жеңімпаз және бес-бестен ынталандыру сыйлығының иегерлері анықталды. Мәселен студенттер арасында астаналық Сандуғаш Оразбаева бірінші, қарағандылық Дарқан Шалқыбаев екінші орын алды. Оқушылар арасында Алматы облысынан қатысқан Бақтияр Ахметов бірінші, Балауса Сағидола үшінші, ал Солтүстік Қазақстан облысының үміткері Дария Рамазан екінші орынға ие болды.